Қарымсақов Бейбіт Еркінбайұлы

«Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы

«САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АҚ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Құрметті оқырман!

«Самұрық-Энерго» АҚ қатысушы нарықтарда энергия ресурстарының сенімді бәсекеге қабілетті жеткізілімін қамтамасыз ету, акционерлік капитал құнын арттыру, орнықты дамыту стратегиялық мақсаттарын негізгі бағдар ретінде ұстана отырып, Қазақстан нарығындағы электр энергиясын өндіруде басым үлеске ие.

Бүгінгі күні Компаниядағы қуат өндіру көздерінің 70%-дан астамын көмірмен жұмыс істейтін конденсациялық энергия блоктар құрап отыр. Компанияда ЖЭК жобалары қолға алынуына қарамастан таяу болашақта «Самұрық-Энерго» үшін көмір негізгі қуат өндіру көзі ретінде қала бермек. Осыған орай электр қуатын өндіруді дамыту аясындағы жұмыстар негізінен қолданыстағы қуат көздерінің операциялық тиімділігін арттыруға, соның ішінде: өндірістік шығынды оңтайландыруға, жабдықтарды пайдалану мен жөндеуден өткізу нәтижелілігін арттыруға, инновациялық дамуға, бизнесті цифрландыруға, инвестициялық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруға және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға бағытталып отыр.

Осы бағыттағы міндеттерді орындау аясында «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС кәсіпорнында техникалық қажеттіліктерді өтеуге жұмсалатын отын мен судың меншікті шығыны төмендетіліп, нәтижесінде 1 млрд теңге қаражат үнемделді.

2019 жылы отандық инвестормен энергия-сервистік шарт жасалып, жасанды жарық көздерінің көмегімен «Богатырь Көмір» кәсіпорнындағы тау-кен қазба орындары мен өндіріс алаңдарын жарықпен қамтамасыз ету кезінде қуатты барынша үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға қол жеткізу күтіліп отыр. Жыл қорытындысы бойынша нақты тиімділік шамамен 103,3 млн теңгені құрады.

2019 жыл қазақстандық энергия тарихында тағы бір жаңалығымен қалмақ. Қоғам Акционері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Интер РАО» ПАО-дан «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның 50 % акциясын сатып алу мәмілесін аяқтады. Сөйтіп маңызды электр энергетикалық актив толығымен Қазақстан Республикасының бақылауына өтті. Қазақстандық тарап үшін электр станциясының қызметіндегі басым бағыт – станцияны кеңейту мен жаңарту аясында 636 МВт-тық үшінші энергоблокты орнату болып табылады. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанның электр энергиясы мен қуатына деген күн сайын артып келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге, оның экспорттық әлеуетінің ұлғаюына мүмкіндік бермек.

Компания тарапынан жүргізілген іс-шаралар аясында, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қарызды басқару және қаржылық тұрақтылық саясатында көзделген қаржылық тұрақтылық коэффициенттерінің мақсатты мәндеріне Қарыз/ EBITDA, EBITDA/ пайыздық сыйақы бойынша Шығыстар, Қарыз/ӨК көрсеткіштеріне қол жеткізіп, тиісінше тәуекелдің жасыл аймағына өттік.

Компания Мойнақ су электр станциясының құрылысы үшін Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкінен 136,3 млн АҚШ доллары сомасында алынған валюталық займды мерзімінен бұрын өтеді. Мәміленің жүзеге асырылуы «Самұрық-Энерго» АҚ өзінің кредит портфеліндегі валюталық займ үлесін 17%-дан 3%-ға дейін елеулі түрде қысқартып, валюта бағамы ауытқуының холдингтің қаржылық көрсеткіштеріне тигізетін жағымсыз әсерін азайтып, Акционердің 50 млн АҚШ доллары сомасындағы корпоративтік кепілдігін босатып алуға, соның нәтижесінде шарттық міндеттемелер сомасын төмендетуге мүмкіндік берді.

Компания инвестициялық бағдарламаларды нәтижелі орындап, өз капиталының табыстылығын жоғары деңгейде сақтап қалуға тырысуда. Компанияның жобалар портфелінде орта мерзімді кезеңде жүзеге асыруды қажет ететін «Екібастұз ГРЭС-1 қуатын кеңейту және қайта жаңарту (№1 блокты қалпына келтіру)», «№3 энергоблокты орната отырып Екібастұз ГРЭС-2 станциясын кеңейту және қайта жаңарту», «Богатырь» (ЦПТ) кесігінде көмірді өндіру, тасымалдау, біртектілеу және тиеудің циклдық-толассыз технологиясына көшу жобасын іске асыру» жобалары еніп отыр, «Шардара СЭС жаңғырту» жобасын іске асыру жұмыстары аяқталуда. ЖЭК секторында: «Қуаты 50 МВт болатын Ерейментау ЖЭС құрылысы», «Алматы облысы Шелек ауданындағы қуаты 60 МВт ЖЭС құрылысы» жобалары бар. Қазақстан нарығындағы ірі электр қуатын жеткізуші ретінде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның төмен көміртекті экономика құрудағы маңызды рөлін атап өткім келеді.

Компания алдағы уақытта да қызмет бағыттарын дамыту, тиімділікті, айқындылық пен ашықтықты арттыру мақсатында корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру шараларын белсенді түрде жүргізе беретін болады. Энергохолдингті сенімді де тұрақты дамыту жолындағы бизнес процестерді оңтайландыру, басқару жүйесін ықшамдау және өндірістік процестің барлық бағыттары бойынша қызмет тиімділігін арттыру жұмыстары жалғаса бермек.