Компания туралы

«Самұрық-Энерго» АҚ акционерлік қоғамы жұмыс істеп тұрған өндіруші қуаттарды жаңарту және жаңаларын енгізуге қатысты ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында 2007 жылғы 10 мамырда құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешіміне сәйкес құрылды (толығырақ Компанияның www.samruk-energy.kz сайтында).

«Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы – Қазақстан Республикасында энергетикалық активтерді басқаруды жүзеге асыратын холдинг. «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы қызметінің негізгі түрлері көмір, көмірсутегі және су ресурстары негізінде электр энергиясын, жылу энергиясын өндіру және ыстық суды дайындау, оны халыққа және өнеркәсіптік кәсіпорындарға өткізу, электр энергиясын тасымалдау, желідегі электрді техникалық бөлу, су электр станциялары мен жылу электр станцияларын салу, жаңартылатын энергия көздерін салу және пайдалану, көмір өндіру, сондай-ақ су электр станцияларының мүліктік кешендерін жалға алу болып табылады.

Бүгінгі күні Компания активтерінің құрамында аса ірі өндіруші компаниялар бар, олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 сияқты ұлттық маңызға ие станциялар, сондай-ақ Ертіс СЭС каскадына енген республиканың негізгі су электр станциялары, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі СЭС («Шардара СЭС» АҚ және «Мойнақ СЭС» АҚ) нысандары бар. «Самұрық-Энерго» АҚ активтерінің құрамына Қазақстандағы ең ірі көмір өндіретін кәсіпорын «Богатырь Көмір» ЖШС кіреді. «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобына Алматы өңірінде электр және жылу энергиясын өндіретін станция, сондай-ақ өңірлік тарату желілері мен өткізу компаниясы енген.

«Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 Қаулысына сәйкес қазіргі уақытта «Самұрық-Энерго» АҚ-ны бәсекелес ортаға беру жөніндегі шаралар жүзеге асырылуда.

2019 жылы Алматы энергия кешенінің компаниялары («АЖК» АҚ, «АлЭС» АҚ және «АЭС» ЖШС) Қоғамды жалпы жекешелендіру аясында аталған активтерді Қоғам периметрінде сақтай отырып, жекешелендіруге жататын активтер тізімінен алып тасталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия «Тегис Мұнай» ЖШС-ны жекешелендіруге жататын активтер тізімінен алып тастау туралы, сондай-ақ жалпы Компанияны жекешелендіру шеңберінде активті Қоғам периметрінде сақтау мақсатында шешім қабылдады.

2020 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ-ны жекешелендіруге қатысты шараларды жалғастыру жоспарланып отыр.