Компанияның қызметіне қаржы-экономикалық шолу

Маңызды қаржылық оқиғалар

18 ақпан

"Самұрық-Энерго" АҚ ҚР Қор биржасында 28 млн дана мөлшерінде бірінші облигациялық бағдарлама аясында екінші шығарылым облигацияларын мерзімінен бұрын сатып алуды жүзеге асырды.

3 сәуір

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестициялар тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңына қол қойды, соның аясында «Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңына «Мойнақ СЭС» АҚ мен «Алматы Электр Станциялары» АҚ-ға (ЖЭО-2 №8 қазандығы) қуатқа жеке тарифтерді алуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді.

10 сәуір

"Самұрық-Энерго" АҚ ҚР қор биржасында 16,8 млн дана мөлшерінде бірінші облигациялық бағдарлама аясында бірінші шығарылым облигацияларын мерзімінен бұрын ішінара сатып алуды жүзеге асырды.

18 сәуір

"Шардара СЭС" АҚ "Самұрық-Энерго" АҚ,"Шардара СЭС" АҚ және ЕҚДБ арасында қосымша келісімге қол қою арқылы "Шардара СЭС-ін жаңғырту" жобасына 11,52 млрд теңге сомаға қосымша қарыз қаражатын тартты.

23 қыркүйек

ҚР Энергетика министрінің м.а. №313 бұйрығымен іске асырылған инвестициялық жобалар бойынша сыйақылар бойынша шығындарды өтеуді ескере отырып, электр энергиясын сататын энергия өндіруші ұйымдардың 44 тобы үшін 2019–2025 жж. арналған электр энергиясына шекті тарифтер өзгертілді.

7 қазан

"БЖЭС" ЖШС-ның ЕАДБ алдындағы 7,6 млрд теңге сомасына ("Самұрық-Энерго" АҚ еншілес компаниясы) қарызын мерзімінен бұрын толық өтеу қамтамасыз етілді. Мәміле "Самұрық-Энерго" АҚның несие берушінің пайдасына осындай сомаға кепілдігін босатуға мүмкіндік берді.

16 қазан

"Мойнақ СЭС" АҚ ҚР Энергетика министрлігімен инвестициялық келісім жасасты (қуат көлемі — 298 МВт, бұл ретте орташа тариф айына 2 467,1 мың теңге/МВт* құрады). Жеке тариф 2020–2026 жж. кезеңге бекітілді.

18 қазан

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің №341 бұйрығымен электр энергиясына шекті тарифті, теңгерімдеуші электр энергиясына шекті тарифті және электр қуатын әзірлікте ұстап тұрудың шекті тарифін бекіту ережесіне өзгерістер енгізілді, соған сәйкес энергия өндіруші ұйымдар жыл бойына электр энергиясының шекті тарифіне түзету енгізу қажет болған жағдайда уәкілетті органға растайтын құжаттарды қоса бере отырып, электр энергиясын өндіруге жұмсалған шығындардың ұлғаюы туралы ақпаратты жылына кемінде бір рет ұсынады.

23 қазан

"АлЭС" АҚ ҚР Энергетика министрлігімен инвестициялық келісім жасады (қуат көлемі — 69,5 МВт, бұл ретте орташа тариф айына 3 418,9 мың теңге/МВт* құрады). Жеке тариф 2020–2024 жж. кезеңге бекітілді.

31 қазан

"Ereymentau Wind Power" ЖШС ("Самұрық-Энерго" АҚ еншілес компаниясы) мен ЕАДБ арасында «Ерейментау қаласында 50 МВт ЖЭС-ін салу" жобасын қаржыландыру мақсатында 23,2 млрд теңге сомаға Кредиттік келісімге қол қойылды.

28 қараша

"Мойнақ ГЭС" АҚ-ның "ҚДБ" АҚ алдындағы 11,7 млн АҚШ доллар сомасына валюталық міндеттемелерді айырбастау жүзеге асырылды. Мәміле "Самұрық-Энерго" АҚ тобының кредиттік портфеліндегі валюталық міндеттемелер деңгейін 3%-дан 1,5%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Желтоқсан

2019 жылдың қорытындысы бойынша "Самұрық-Энерго" АҚ қаржылық тұрақтылық коэффициенттерінің нысаналы мәніне қол жеткізді және тиісінше "жасыл" тәуекел аймағына қол жеткізілді.

Макроэкономикалық факторлар

Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасының экономикасы дамушы нарықтарға тән кейбір маңызды ерекшеліктерді көрсетуді жалғастыруда. Экономика ел экспортының негізгі бөлігін құрайтын мұнай мен газ және басқа да минералдық шикізат бағасының ауытқуына аса сезімтал. Бұл ерекшеліктер сондай-ақ елден тыс жерлерде еркін айырбасталмайтын ұлттық валютаның болуын және бағалы қағаздар нарығы өтімділігінің төмен деңгейін қамтиды, бірақ олармен шектелмейді. Өңірде сақталып отырған саяси шиеленіс, айырбас бағамының құбылмалылығы өтімділіктің төмендеуін және халықаралық қаржыландыруды тартуда қиындықтардың туындауын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экономикасына теріс әсер етті және одан әрі жағымсыз әсерін тигізе беруі мүмкін.

2015 жылғы 20 тамызда Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасының Үкіметі теңгенің айырбас бағамын қолдауды тоқтату және инфляциялық таргеттеу режиміне негізделген жаңа ақша-кредит саясатын іске асыру, валюта дәлізін жою және еркін өзгермелі айырбас бағамына көшу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте, Ұлттық банктің айырбас бағамына қатысты саясаты қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін теңгенің айырбастбағамының күрт ауытқуын болдырмау үшін интервенцияға жол береді.

Осы есеп күніндегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми айырбас бағамы 2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 1 АҚШ доллары үшін 381,18 теңгемен салыстырғанда 1 АҚШ доллары үшін 377.19 теңгені құрады (31 желтоқсан 2018: 1 АҚШ доллар үшін 384,20 теңге). Осылайша, теңгенің айырбас бағамына және Ұлттық банк пен Үкіметтің болашақтағы іс-әрекеттеріне, сондай-ақ осы факторлардың Қазақстан Республикасының экономикасына әсеріне қатысты белгісіздік сақталып отыр.

2019 жылдың қыркүйегінде Standard & Poor‘s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның шетел және ұлттық валютадағы міндеттемелері бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтерін — «BBB-» деңгейінде және шетел мен ұлттық валютадағы міндеттемелері бойынша Қазақстанның қысқа мерзімді рейтингтерін — «A-3» деңгейінде, ал ұлттық шкала бойынша рейтингті — «kzAAA» деңгейінде растады. Ұзақ мерзімді рейтингтер бойынша болжам — «тұрақты». Тұрақты болжам Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қосымша түсімдер есебінен қалыптасқан оң баланстық көрсеткіштердің, сондай-ақ жиынтық көлемі екі жыл ішінде мемлекеттің сыртқы өтімді активтерінен аспайтын мемлекеттік борыштың аса жоғары еместігімен расталады.

Инвестициялардың айтарлықтай ұлғаюымен бірге ауқымды бюджеттік бірігулер экономиканы 2019 жылы 4,5%-ға өсудің жаңа деңгейіне шығарды, бұл соңғы онжылдықта орташа динамикадан 4,2%-ға жоғары болды. Ынталандырушы және әкімшілік сипаттағы атаулы шаралар жиынтығы мұнай нарығындағы әлемдік жағымсыз конъюнктураның теріс әсерін жоя отырып, ішкі сұранысты қолдады, бұл ретте инфляция орташа деңгейде 5,4% сақталды, бұл көпжылдық трендтерден айтарлықтай төмен (дереккөзі Halyk Finance).

Валюта бағамдарының динамикасы:
31.12.2018 года 31.12.2019 года %
KZT/USD 384,2 381,18 99 %
KZT/EUE 439,37 426,85 97 %
KZT/RUB 5,52 6,17 112 %

Өндіру көлемінің өсуі және мұнай бағасының тұрақтылығы, жұмыссыздық деңгейінің төмендігі мен жалақының өсуі 2019 жылы орташа экономикалық өсімге ықпал етті. Мұндай экономикалық орта компанияның қызметі мен қаржылық жағдайына елеулі әсер етеді.

Басшылық Компания қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Алайда қалыптасқан экономикалық ахуалдың болашақ салдарларын болжау қиын және басшылықтың ағымдағы болжалдары мен бағалаулары нақты нәтижелермен ерекшеленуі мүмкін.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасындағы энергетикалық сектор Қазақстан Республикасындағы саяси, заңнамалық, салықтық және реттеушілік өзгерістердің әсеріне ұшырайды. Қазақстан Республикасының экономикалық тұрақтылығының перспективалары елеулі дәрежеде Үкімет қабылдайтын экономикалық шаралардың тиімділігіне, сондай-ақ құқықтық, бақылау және саяси жүйелердің дамуына, яғни Топтың бақылау саласынан тыс жатқан жағдайларына байланысты.

Басшылық ағымдағы экономикалық жағдайды және оның перспективаларын ескере отырып, топтың ұзақ мерзімді активтерінің ықтимал құнсыздануына бағалау жасады. Болашақ экономикалық жағдай және нормативтік-құқықтық орта басшылықтың қазіргі болжалдарынан өзгеше болуы мүмкін.

Басшылық Қазақстан экономикасындағы өзгерістердің дәрежесін де, ұзақтығын да болжай алмайды немесе олардың болашақта компанияның қаржылық жағдайына ықтимал әсерін бағалай алмайды. Басшылық ағымдағы жағдайларда Компания қызметінің тұрақтылығы мен өсуін қолдау үшін барлық қажетті шараларды қолданатынына сенімді.

«Самұрық-Энерго» АҚ Компаниялар тобы Қазақстан Республикасы үшін стратегиялық маңызға ие, өйткені ол халықты және өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін электр энергетикалық кешен кәсіпорындарын біріктіреді. Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңа электр станцияларын салуды және жұмыс істеп тұрған электр станцияларын қайта жаңартуды көздейтін экономиканың энергетикалық секторын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын қабылдады.

Басшылық Топ Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауына ие болады деп күтуде, өйткені электр энергетикасы саласы ел экономикасының стратегиялық маңызды бөлігі болып табылады.

Күтілетін кредиттік шығындарды бағалау үшін Компания макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын қоса алғанда, расталатын болжамды ақпаратты пайдаланады.

Алайда, кез келген экономикалық болжамдар сияқты, болжамдар мен оларды іске асыру ықтималдығы сөзсіз белгісіздіктің жоғары деңгейімен байланысты және, демек, нақты нәтижелер болжанатындардан айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін.

Қаржы-экономикалық көрсеткіштер